“Шығыс Түркістаннан Батыс Еуропаға дейін”

Диссертациялық Жоба туралы

Әтләс Ұйғыр мейрамханасындағы қолөнер туындысы (Лондон)

Сабақтарымыз басталып, журналистика саласымен біраз танысқан соң оқытушыларымыз диссертациялық тапсырманы орындау бойынша дәрістер оқып, тақырып таңдауда біраз кеңес берді. Кардиффке келмес бұрын дипломдық жобамның тақырыбы Қазақстан не Орта Азия халықтары туралы болатынын ойластырып жүрген болатынмын. Университет дәрісханасына кіргеннен-ақ, ол жерде Қазақстан түгілі, жалпы Орта Азияның, ТМД елдерінің, түркі халықтарының жалғыз өкілі екенімді байқадым. Сондай халықаралық ортада жүріп, тек маған ғана “орындау бақыты” бұйыратын тақырыптарды ойластыра жүрдім. Жобамның бұрын соңды айтылмаған тың дүние болуы әрі қазіргі уақыттағы өзекті тақырыптан бастау алуы, радио- не телебағдарлама ретінде орындалу мүмкіндігі журналист ретіндегі негізгі нысаналарымның бірі болды. Өзімнің жоғарыда атап өткен ерекшеліктерім мен мүмкіндіктерімді саралай келе, Ұлыбританиядағы ұйғыр диаспорасының өмірі жайлы деректі фильм түсіруді қолға алсам деп шештім. Дегенмен, жоспарларымызға коронавирус та өз қолтаңбасын қалдырып кетті. Диссертация тапсырмасын орындау маусымында жол жүру және бейтаныс адамдарға жақын барып жолығуға Британ үкіметі тарапынан шектеулер болып, тележобаны радиожобаға ауыстыруға мәжбүр болдық. Шілде-тамыз айларына қарай шектеулердің алынуы тақырып үшін маңызды іс-шараларға қатысуға мүмкіндік берді. Сол арқылы жобамды да, диссертациямды да ойдағыдай аяқтадым.

Лондондағы Қытай елшілігі алдындағы бейбіт шеру қатысушылары

2017 жылдан бері Қытай Халық Республикасының солтүстік-батысындағы Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Ауданы (Шығыс Түркістан) батыстық БАҚ назарынан түсер емес. Шетелдік басылымдардың ұсынған дәйектеріне сүйенсек, ол аймақтағы ұйғыр, қазақ, қырғыз секілді түркі тектес ұлт өкілдерін және өзге де мұсылмандарды “терроризм мен экстремизмге бейім” деген желеумен лагерлерге қамап, күштеп еңбекке салып, әйел қауымын ана болу мүмкіндігінен күштеп айырып, сол жақтағы қытай емес халықтар санын шектеуді белсенді қолға алып отырған көрінеді. Оған қоса, дін мен тіл, салт-дәстүр және түрлі мәдени іс-шаралар мен ұйымдарды қысқартып, қалғанын Қытай коммунизмі идеологиясына бейімдеп, қайта жазып жатқаны да жиі айтылып жүр. Біршама этнографтар мен әлеуметтанушылар, адам құқықтарын қорғаумен айналысатын ұйымдар Қытай билігінің бұл саясатын “заңсыз” деп тауып, осы әрекеттерге “мәдени геноцид” деп баға беріп отыр. Шыңжаң (Шығыс Түркістан) территориясындағы ең үлкен топ ұйғыр халқының халі осынша мүшкіл болған уақытта, Отанын тастап, жан сауғалап кеткен шетелдегі ұйғыр диаспорасының жағдайы қандай екен? Оларға босқын ретінде пана болған Батыс Еуропадағы елдердің бірі – Ұлыбританиядағы ұйғыр халқы қазір қалай өмір сүруде? Шыңжаңнан мыңдаған шақырым қашықтықта жатып өздерін қауіпсіз сезіне ме екен? Ұлт ретінде өздерін сақтап қалуға қаншалықты қауқарлы? Осы сұрақтарға жауапты менің “Шығыс Түркістаннан Батыс Еуропаға дейін” аты радио бағдарламамнан таба аласыздар.

Назарларыңызға рақмет!

%d bloggers like this:
search previous next tag category expand menu location phone mail time cart zoom edit close