
Дәл осылай күлімдеп, көтеріңкі көңіл-күймен көрермендерімізбен қауышатынбыз. Эфирге жауапты шығармашылық топ жұмысы таңғы сағат 5:00-ден басталады. Түнімен жаңартылып өңделген сценарийден бастап тілшілердің сиясы кеппеген қайталанбас сюжеттеріне дейін сіздерге жол тартуға асығып отырады. Бет әрлеу, стакандағы жылы су, студияны бақылауына алған камералар, қонақтарды түгендеу, “эфирге 10 секунд” деген команда және бағдарламаның шымылдық ашар әуені… Бүкіл ұжым бір ағзадай жаңа күнге жан беруге дайын отырғанда, ұйқысын музыкамен ашқан Ердана “Ассалаумағалейкум, Ұлы Дала! Оян, Қазақстан!” деп эфир бастайды.
Мен тележүргізуші болуды кішкентайымнан қызық көріп, армандасам да, оның дәл осылай тез бола қаларын күтпеген едім. Оның үстіне телевизия саласындағы алғашқы жылымда тікелей эфирде бағдарлама жүргізу үш ұйықтасам түсіме кірмеген (негізі кіретін, бірақ қайдааам деп қоя салатынмын).
Бағдарлама көрермен назарына ұсынылғанша 6 ай дайындықта болды. Шетелдік һәм отандық мамандардың біріккен шеберханасында қайнады. Алғашқы дайындық кездерінде табылмай жатқан жүргізушінің орнына уақытша шығып, септігімді тигізіп жүргем. “Fake it till you make it” демекші, мәз болып жүргізе бердім. Әрине, қиындықтар болды. Камераларға уақытында бұрылу, құлақтағы “үзіле бермейтін” команда-әңгіме аралас у-шуды фильтрлеу, мәтінді таза оқу, дыбыстарды таза шығару жағынан бірааааз дайындалдым. Бұл жөнінен жоба жетекшісі Айгерім Шаймерден ханымға және ұжымдағы әріптестеріме алғысым шексіз. Әрі дәл сол азаматтар мені тележүргізуші болуға лайық деп ұсынып, үлкен сенім артты. Ақтай алдым деп үміттенем.
Тағы бір төбе деп атар дүние – эфирдегі тележүргізуші әріптестерім. Алмас Тоғай, Диана Қырықбай, Салтанат Серкебаева, Арайлым Құсайынова, Бексұлтан Әкімжан сынды достарыммен бағдарламаны бірге тізгіндедік. Эфирдегі еркіндік, шынайылық, қандай жағдай болмасын жақсы көңіл-күйде болу, көрермендерге таң атпастан позитивті энергия сыйлап, “әр күннің өзгеруге, өміріңді өзгертуге мүмкіндік” екенін ұғындыруды дәл осы мықтылардан үйрендім. Бір кездері 2 сағатты жалғыз тұсаулаған кездерім де болды. Эверестке шығып түскендей болатынмын. Талай қызықты бастан кешірдік. Кейбірі мына сілтемеде. Ал бағдарлама қонақтарымен болған сұхбаттардың топтамасы осы жерде.
Эфир қонақтарымен түскен басқа да фотолар мына жерде.
Ал “Оян, Қазақстан!” эфирлерінің толық нұсқасын, не жекелеген үзінділерді көрем десеңіз, aitube желісіндегі парақшаға (контенті өзгеріп кетуі мүмкін) немесе төмендегі сілтемелерге өтіңіз.
…арнайы “Оян, Qazaqstan!” үшін!

Бағдарлама аясындағы тележүргізушіліктен де қызық жұмыс тілшілік болды. Әлем жаңалықтарының редакторы ретінде шетел тілінен тікелей қазақ тіліне аударып уақыттан және сападан ұтуды көздедім. Қос бірдей Олимпиаданың шолушысы болып, қазақстандық және шетелдік спортшылардың жетістіктерімен көрермендерді уақытылы құлағдар етуге тырыстым. Өзге елдерден келген қонақтар не спикерлер тап болғанда, бірінші болып барып сұхбат алуға ұмтылдым. Төрткүл дүниені елең еткізген жағдайлар жайлы сараптама да жасадым. Біразын төменге бекітіп қойдым. Көре отырыңыз!
Одан бөлек, тұрақты екі айдарға жауапты редактор болдым. Біріншісі – Business Guide, кәсіпкерлер мен олардың еңбегі жайлы сюжеттер топтамасы. Ал екіншісі – Alaqan, жануарларды қорғау мен олардың күтіміне қатысты айдар. Сондай-ақ, осы жылдың ақпанынан бастап есту-сөйлеу қабілетінде мүгедектігі бар жандар қолданатын “Ым-ишара тілін” үйрететін сюжеттерді де түсірдім. Ондағы мақсатымыз – қоғамның барынша инклюзивті болуына ұмтылу.
Business Guide. Әр таң – мүмкіндік. Өзгеруге! Өзгертуге!
Alaqan. Алақанымыздан жылу кетпесін!
“Оян, Qazaqstan!” шеберханасында еркіндік бар. Қиялыңдағы идеяларды қысылмай ұсынуға, оны жүзеге асыруға қажетті барлық мүмкіндік қолымызда болды. Сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланып үлгергеніме өөөөөте қуаныштымын. Көмегін тигізген шығармашылық топқа – продюсерлерге, жауапты редакторларға, үзеңгілес тілшілерге, таспагерлерге, монтажерларға, режиссерлерге, дыбыс қоюшыға, бет әрлеушілерге, стилистерге, әкімшілерге, көлік жүргізушілеріне алғысымнан басқа айтарым жоқ.
Осы фотолардағы қызықты сәттер мен өзге материалдар менің YouTube арнамда сюжет-сюжет боп сіздің көруіңізді күтіп отыр. Төмендегі батырманы басып, жұмыстарыммен таныс болыңыз!
Назар салып, уақыт бөлгеніңізге рақмет! Байланысу үшін yerdana.yerzhanuly@gmail.com электронды поштасына жазыңыз.