Эфирде
Кардифф Университетінде оқып жүріп, өзімізді тележурналистикада тілші, жүргізуші және камера операторы мен монтаж қызметінде де біраз сынап көрдік. Эфирге жаңалық даярлауда алдын-ала ізденіп, сұхбат берушілермен келісіп, репортаж үшін өзіміз тілші әрі хабар тізгініндегі жүргізуші болып қызмет атқардық. Камера алдында толқыныс болмады емес, болды. Жаңылып қайта жазған кездерді де бастан кешірдік. Бірақ, бір репортажды даярлаудағы қиыны оны қалай жасау да емес, сол тың жаңалықты іздеп табуда болатын.

Халықтың мұң-мұқтажын түрлі әлеуметтік желілерден, болып жатқан ірілі-ұсақты іс-шаралардан, тіпті дәмханалардағы бөтен кісінің әңгімесінен де байқап қалуға болады.
Дегенмен, ол жаңалықтың шынымен “жаңа” болуы, жұртшылықтың қызығушылығындағы тақырып болуы және қолжетімділігі әрдайым көңілімізден (бас продюсердің көңілінен) шыға бермейтін.
Сол үшін ұзақ ізденістер мен студиядағы кеңестердің маңызы зор болатын.
Тележурналистика радиодағыдай емес, кейіпкерлердің бет-бейнесі, аты-жөні секілді жеке ақпараты дүйім жұртқа мәлім боп, экраннан көрсетіліп жатады. Сондықтан болу керек, екінің бірі камера алдында сұхбат бере бермейтін. Қарбаластықтан мүлдем жауап бермейтін не келіскен уақытқа келмейтін кісілер де аз болмады. Бірақ, табандылық танытқан журналист үшін репортаж түсірілімі сәтті аяқталатын. Сондай бір репортаждардың бірі Кардифф туристік операторларының пандемия кезіндегі қиындықтары туралы болды.
Туристтер мен турагенттіктердің жоспарын күлталқан еткен вирустың салдары оңай болмай тұрған кез. Демалыстарына бара алмай қамыққан халық “төлеп қойған ақшамыз не болмақ?” деп уайымдауда. “Шығынға батамыз-ау” деп жабылар-жабылмасын білмеген туроператорлар… Беймәлім вирус беймәлім келешекті одан әрі бұлыңғыр етіп, біреудің қалтасын қақса, біреуді денсаулықтан айыруда. Бүкіл әлемге таныс осы сценарийді Кардифф қалай қабылдағаны туралы репортажбен танысып, түпнұсқасын көру үшін төмендегі батырмаға басыңыз.
Әр жолы тілші ретінде бейнематериалымыз жарияланғанда, оған қоса мультимедиялық парақша нұсқасын қатар даярладық. Соның бәріне бір күнде үлгеру жас маман үшін біраз қиын болатын
Осы тілші рөліндегі практикалық тапсырмалар арқылы сұхбат берушімен екі жаққа да тиімді келісімге келуді, тақырыпты аша алатын дұрыс сұрақтарды қоюды және камера алдында өзімді еркін ұстауды үйрендім.
Эфир сыртында
Жоғарыда айта кеткендей, тек камераның ар жағында ғана қалып қоймай, бер жағына шығып, оператор ретінде техникалық біліктілігімізде де шыңдау үстінде болдық. Ауа-райы жиі жаңбыр мен желге толы Кардиффте түсірілім жасау үшін “нәзік” камераны тамшы тигізбей “аялап” ұстауға тура келді. Күн ашылғанда жарық пен фокустың нақтылығы, бейненің анықтығы оператор көзінен таса қалмаса, жел соғып, көше шуына тап болғанда микрофондардың дұрыс орналасуын бақылаудан тыс қалдырмадық.
Түске дейін түсірілімді бітіріп, түстен кейінгі жаңалықтар топтамасына үлгеру үшін монтаждауға дереу кірісетінбіз. Түскі асымыз да сол студияда ішіліп жататын.
Машықтану барысында біраз қателіктер жіберіп, сол қатеден сабақ алған кездеріміз көп болды.
Әрқашан түсірілімге шыққан сайын, бір тілші және бір техникалық қызметкер болып жұптасатынбыз. Сондай бір жаттығулардың бірі менің бразилиялық әріптесім Диего Паваомен болған еді. Сол репортаждың түсіріліміне, дыбыстық сапасына және монтажына түгелдей дерлік өзім жауапты болдым.
Назарларыңызға рақмет!