
Студияда
Радиожурналистиканы тележурналистикадан қарағанда оңай деп көруіңіз мүмкін. Десе де, бұл саланың да өзіне тән қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Жалпы ізденіс пен сұхбат ұйымдастырудан бөлек, радионың дыбыстарға аса мән беретін бір ерекшелігі бар. Бейне бір теледидарды көргендей сезімді тура құлақтан әкеліп, басыңыздың ішінде ойша бір экранды жасап қойғандай әсер қалдырады. Сол әсерді қалдыру үшін кейіпкермен тек сөйлесіп қана қоймай, оның өмірінен, қоршаған ортасынан я қызметінен табиғи дыбыстарды жазып алу керек. “Жол жүріп барамын” деген сөйлеміңізге жолдың даусы, “концерт болды” дегеніңізге әнші-күйшілердің әуені болмаса, бір сөзбен айтқанда, жобаңыз тірі дауыстармен “өрнектелмесе”, студиядағы продюсерлер кеңесінен өтпей қалады. Өткен күннің өзінде “патша көңіл” тыңдарманға жетпей қалуы да ықтимал. Сондай бір радио жобаларымның бірін тыңдағыңыз келіп, толығырақ білгіңіз келсе, төмендегі батырманы басыңыз.
Бұл радио бағдарлама Кардифф маңындағы Солтүстік Лландаф ауданында орналасқан жергілікті тұрғындардың қоғамдық ғимараты туралы болатын. Ғимараттың тұрғындар пайдалануынан алынып, жеке кәсіпкерлерге берілу қаупі не оның түгел жабылу мәселесі Солтүстік Лландафта біраз дау тудырған-ды. Кейіннен бұл жағдайды жергілікті әкімдік қайта қарап, ғимараттың тұрғындар пайдасында қалуын мақұлдады.
Табиғи дыбыстар бағдарлама тақырыбына қарай қолданылмауы да мүмкін. Не оларды жазып алуға мүмкіндіктер болмауы да ғажап емес. Әсіресе, бұл өзгеріс пандемия кезіндегі радио жобаларымызда байқалады. Дегенмен, тақырыптың дыбыстық әрленуінен бұрын оның негізгі мазмұны әлдеқайда маңыздырақ екенін естен шығармаған жөн.
Кардифф Университетінің Психология мектебі мамандары ашқан аутизм белгілерін бақылау жөніндегі жаңалығы туралы қысқаша мақаланы осы жерден қарай аласыз.
Назарларыңызға рақмет!